ARCRED командасының кәсіби ойыншысы STAR-ға 7 сұрақ

ARCRED командасының кәсіби ойыншысы STAR
1. Жеке нәтиже және турнир қорытындысы
Сұрақ: 16 фраг — ARCRED командасының барлық киллдарының дәл жартысы, жеке MVP атағы және команданың төртінші орны. Осы финалды өзің қалай бағалайсың? Қай эпизодың командаға ең көп пайда әкелді және қандай мүмкіндіктерді нәтижеге айналдыра алмадыңдар?
Жауап: Менің ойымша, турнир барысында өз мүмкіндігімізді толық көрсете алмадық. Бірнеше ойында айтарлықтай қарсылық көрсете алмай, ерте шығып қалдық. Соңында дәл сол ұпайлар жетіспеді. Жақсы сәттердің бірі ретінде Erangel картасындағы ойынды айтар едім. Онда біз RB маңында Passik-пен ойнап, дұрыс ротациялар мен фраг жинаудың арқасында көп қосымша ұпай алдық. Бірақ бір сәтте мені нокқа түсіріп, бірден аяқтап тастады, сондықтан жағдайды соңына дейін пайдалана алмадық. Жалпы, бұдан жақсы ойнап, жоғары орын алуға мүмкіндігіміз болды деп ойлаймын.
2. Miramar картасындағы сәтсіздік
Сұрақ: Бірінші Erangel картасында команда болып 12 килл жасағаннан кейін, Miramar картасында GR командасымен болған файтта тез шығып қалдыңдар. Екінші картаның басында не дұрыс болмады? Матчтар арасында осы жағдайды қалай талдадыңдар және Rondo картасына қандай шешіммен шықтыңдар?
Жауап: Miramar картасында бастапқы түсуіміз сәтсіз болды, сондықтан басқа команданың спотына таласуға тура келді. Файттың өзін де дұрыс ойнай алмадық, нәтижесінде тез шығып қалдық. Матчтар арасында бұл қателікке қатты тоқталмадық. Болған жағдайды қабылдап, жұмысқа деген көңіл күйімізді сақтап, Rondo картасына жоспарымызды түбегейлі өзгертпей шықтық.
3. WWCD мүмкіндігін жіберіп алу
Сұрақ: Екінші Erangel картасының соңында ARCRED командасында Lemon мен FLIP-ке қарсы үш ойыншы қалған еді, бірақ WWCD-ді MadBulls жеңіп алды. Қай жерде басымдықты жоғалттыңдар? Соңғы секундтарды қайта ойнау мүмкіндігі болса, қандай шешімді өзгертер едің?
Жауап: Ол кезде мен ойынды бақылап отырған едім, сондықтан жағдайға тікелей әсер ете алмадым. Менің байқауымша, соңғы сәттерде тиммейттер бір-бірін толық түсінбей қалды, сол себепті жағдайды дұрыс пайдалана алмадық. Менің ойымша, бізге нақты коммуникация мен үйлесімді әрекет жетіспеді. Ойынның соңындағы мұндай сәттер нәтижеге өте қатты әсер етеді.
4. Dagestan77 командасына қарсы екі нок
Сұрақ: Соңғы Miramar картасында Dagestan77 командасына қарсы файтта сен тез арада екі нок жасадың, бұл сәтті кастерлер де ерекше атап өтті. Қарсыластардың орналасуын қалай оқыдың және нысаналарды соншалықты жылдам ауыстыруға не көмектесті? Бұл алдын ала келісілген әрекет пе, әлде жағдайға байланысты қабылданған шешім бе?
Жауап: Бастапқыда алыстағы ойыншыға урон беріп, оның HP-сын өте аз қалдырдым. Кейін жақындағы қарсыласқа да урон тигізіп, нысана басымдығын бірден өзгертуді шештім: сыртқа секіріп шығып, алыстағы ойыншыны аяқтап, бірден жақындағысына ауысу. Бұл кездейсоқ әрекет емес, жағдайға байланысты саналы түрде қабылданған шешім болды. Нәтижесінде бәрі жоспарлағанымдай өтті: басымдықты тез пайдаланып, файтты жеңіп шықтық.
5. Соңғы матчтағы стратегия
Сұрақ: Соңғы карта алдында турнир кестесінде жоғары орын үшін күресуге әлі мүмкіндік бар еді, сондықтан сендер файттарды белсенді іздей бастадыңдар. Матчқа қандай жоспар құрдыңдар? Қанша ұпай жинауды мақсат еттіңдер және қандай тәуекелдерге баруға дайын болдыңдар? Қай сәтте жоспар жұмыс істемей қалды?
Жауап: Соңғы карта алдында жоғары орынға көтерілу мүмкіндігіміз әлі бар екенін түсіндік, сондықтан белсендірек файт іздеуге дайын болдық. Бірақ DG командасымен қақтығыста бір ойыншымыздан айырылдық. Осыдан кейін зонаның ортасын алуды шештік, сол жерге бізбен қатар CH командасы да келді.
Біздегі ақпарат бойынша барлық қарсыластарды аяқтадық деп ойладық, бірақ бір ойыншы тиммейтін қайта көтеріп үлгерген екен. Бұл файттың нәтижесіне әсер етті. Мұндай жағдайда қарсыластар туралы ақпаратты жақсырақ бақылап, келесі шешімді қабылдамас бұрын файттың шынымен аяқталғанына көз жеткізуіміз керек еді.
6. Капитан ретіндегі тәжірибе
Сұрақ: PMGO 2026: Season 2 — EECA Finals турнирінде сен капитан рөлінде тәжірибе жинадың. Осы рөлдегі ең қиын нәрсе не болды? Жауапкершілікті өз мойныңа алуға тура келген бір шешімді еске түсіріп, сол тәжірибеден кейін командаға деген көзқарасың қалай өзгергенін айтып берші.
Жауап: Бұл турнир капитан рөлінің қаншалықты жауапты екенін жақсырақ түсінуге көмектесті. Картадағы жағдайларды мұқият бағалауға, макроойын туралы көбірек ойлануға және командаға коллдар арқылы көмектесуге тырыса бастадым.
Капитан болу тек шешім қабылдау емес екенін түсіндім. Бұл — жағдайды толық көре білу, қажетті ақпаратты тиммейттерге уақытында жеткізу және команданың үйлесімді әрекет етуіне көмектесу.
7. Ростердегі өзгерістер және болашақ жоспарлар
Сұрақ: Ростердегі ауыс-түйістер EECA Finals турниріндегі нәтижелеріңе қаншалықты әсер етті? Ең көп зардап шеккен не болды — дайындық, коммуникация, рөлдерді бөлу әлде бір-біріңе деген сенім ме? Тұрақты құраммен ойнағанда турнирді қай орында аяқтай алар едіңдер және жетіспеген ұпайларды қалай жинайтын едіңдер?
Жауап: Құрамның жартысының ауысуы ойынымызға айтарлықтай әсер етті. Менің ойымша, бастапқыда ойнауы тиіс болған негізгі құрамымызбен топ-4-ке кіріп, келесі кезеңге өтуге толық мүмкіндігіміз бар еді.
Негізгі құраммен тұрақтырақ ойнап, бір-бірімізді жақсырақ түсініп, ойын ішіндегі жағдайларды сенімдірек жүзеге асыра алар едік. Турнир барысында бізге негізінен осы нәрселер жетіспеді.
Қазіргі жоспарымыз — осы құраммен ойнауды жалғастыру. Әзірге ықтимал решафлдарға қатысты нақты шешім жоқ. Егер осы төрттікті сақтап қалсақ, болашақ турнирлерде жақсырақ нәтиже көрсету үшін командалық үйлесімділік пен тұрақтылықты жақсартуға жұмыс істейміз.
0 пікірлер
Пікірлер жоқ